Мәдениет

Құрал Тоқмырзинге арналған кеш

Жақында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жазушы жерлесіміз Құрал Тоқмырзинның туғанына 80 жыл толуына орай «Жазушының нұрлы әлемі» атты әдеби кеш өтті.

Артында «Сыбызғы сазы», «Оқшау отау», «Үш кие», «Үзеңгі достар» тәрізді повестер мен әңгімелер жинақтарын,  «Байтақ», «Әжібай би немесе дала данышпандары» «Кер заман», «Зар заман»  сияқты мол әдеби мұра  қалдырған  Құрал Тоқмырзинға арналған әдеби кешке Қазақстанның құрметті журналистері Идош Асқар мен Арыстан Аймағамбетовтер шақырылды. Кітапхана ұжымы үстіміздегі жылы 80 жасқа толатын жазушының шілде айында дүниеден өткенін ескеріп, осы кешті арнайы ұйымдастырыпты.

Шараны Ұлжан Бектемірова жүргізіп отырды. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері  Арайлым Кенжебаева Сағидың «Ойыл толғауы» өлеңін нақышына келтіріп оқыды. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлнаш Асқарова  жазушының өмірбаянынан сыр шертті.  Журналист Арыстан Аймағамбетов жазушыны былай деп еске алды:

— Құрал екеуіміз құрдаспыз әрі нағашылы-жиендігіміз бар еді, қалжыңымыз жарасатын. Оның әкесі соғыста шейіт болды, қарындасы екеуін жалғыз анасы өсірді. Ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін бітіріп, трактор жүргізді. Өлең жазды. Нұрымжан Жұмағалиев ағамыз аудандық «Ойыл» газетіне шақырды. Бірге қызмет жасадық. «Тарғыл қарбыз» деген сын мақала жазғаны есімде, — деді.

Белгілі журналист Идош Асқар ағамыз: «Өмір қай уақытта да оңай емес, әкесі соғыстан оралмаған Құрал өзінің өмірге деген құштарлығының арқасында тырмысып жүріп, талай жетістікке жетті. Өзі оқуы көп болмаса да, өмірден тоқығаны көп адам ғой. Құдай берген ақындық, жазушылық қабілетінің арқасында жазушы болды. Талай дүние жазды. Бір ауылда өскен соң бір-бірімізге туыстығымыз да, жекжаттығымыз да бар, — дей келіп,  Құрал Тоқмырзин сынды  жазушының өмірден өткен уақытына орайластырып, шара ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Қонақтарға «Өлке тарихын өрнектеген жазушы» атты бейне слайд көрсетіліп, «Есімі елімен үндескен» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button